На данной странице вы можете подать жалобу на экологическую проблему в вашей области/регионе или городе
Главная - Новости
ЭКОБЕЛСЕНДІ: ҚАЛДЫҚСЫЗ ҚОҒАМ ҚАЛЫПТАСТЫРУЫМЫЗ КЕРЕК
21.08.2020ЭКОБЕЛСЕНДІ: ҚАЛДЫҚСЫЗ ҚОҒАМ ҚАЛЫПТАСТЫРУЫМЫЗ КЕРЕК
Елімізде соңғы кездері орын алған оқиғалар қазақстандықтардың экологиялық мәдениетінің төмен екенін көрсетіп отыр. Бүгінде осыған байланысты қоршаған ортаны қорғау үшін халықтың экологиялық сауатын арттырып, жауапкершілікті күшейту мақсатында бірқатар шара мен жобаны жүзеге асыру қолға алынуда. Сондай жобаның бірі — Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының «StopMusor» әлеуметтік жобасы. Бұл тұрғындардың экологиялық сауаттылығы мен әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға, азаматтар арасында тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату мәдениетін қалыптастыруға бағытталып отыр. Осы орайда әлеуметтік жобаның қолға алған мәселесі қазақстандық экобелсенділер тарапынан қолдау тапқанын айтып кеткен жөн. Соның бірі — экоблогер әрі экобелсенді, еліміздегі алғашқы ZERO-WASTE интернет-дүкенінің иесі Михаил Беляков «StopMusor» сияқты жобаның азаматтардың қоршаған орта туралы білімін арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруда маңызы зор екенін айтады. Сондай-ақ экоблогер әңгіме барысында экологиялық өмір салтын ұстанғысы келетін азаматтарға кеңес беріп, жуырда ашылған дүкені жөнінде айтып берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.
-Михаил, өзіңіздің экологиялық өмір салтыңыз жөнінде толығырақ айтып өтсеңіз. Барлығы қалай басталды?
-Мен бұған дейін программист болып жұмыс істедім. Кейін кеңседегі жұмыстың азаюына байланысты бос уақытым болды. Басшымыз жұмыс істейтін басқа жаңа бағыт ұсынуды тапсырды. Кейін бір әріптесім қағаздарды іріктей бастағанын байқадым. Бізге де орманды сақтап, қолдануға жарамайтын (макулатура) қағаздарды жинап әкелуді сұрады. Алғашқыда барлығымыз күмәнмен қарадық, алайда ол бастаған ісін жалғастыра берді. Бірінші легін тапсырған кезде ол бұл үшін ақша төленетінінен хабардар болды. Тек қағаз үшін ғана емес, пластикті де тапсырсаңыз, аз-мыз болса да қаржы төлейді екен. Бұл осыдан үш жыл бұрын болған жағдай. Осылайша, «маған да неге осы іспен айналыспасқа» деген ой келді. Қалада, жалпы мемлекетте қалдықтармен қалай жұмыс істелетіні жөнінде материал іздей бастадым. Кейін қазақстандықтарға ақпарат беру мақсатында «Экосити» қосымшасын жасауды ұсындым. Себебі елімізде қалдықтарды қабылдап, ол үшін ақша төлейтін орындар жеткілікті, алайда азаматтар одан хабарсыз. Сондықтан осы бағытты дамытуды қолға алдық. Осылайша, қосымша туралы қазақстандықтарды ақпараттандыру үшін өзімнің блогымды аштым. Оны пайдалы контентпен толтыру үшін бұл мәселенің шет мемлекеттерде қалай шешіліп жатқанын қарастырдым. Сондай-ақ тек елге ақпарат беріп қана қоймай, өзіміздің де осы талаптарға лайық болу керегін түсіндім.
-Жуырда сіз zero-waste дүкеніңізді аштыңыз. Сіздің мақсатыңыз бизнес идеяны іске асыру ма, әлде экологиялық мәселелерді шешу ме?
-Осыдан екі жыл бұрын жұмыстағы жағдай дұрысталып, кеңсеге қайта оралып, жұмысты жалғастыру керек болды. Алайда маған қазіргі істеп жүрген ісім ұнағандықтан, жұмысымнан өз еркіммен кетуге шешім қабылдадым. Осылай жұбайым екеуміз бастаған істі әрі қарай жалғадық. Алғашқыда жеміс-жидектер мен эко-сумкалардан бастадық. Кейін оларға бамбуктан жасалған щетка, болаттан жасалған су бөтелкелері қосылды. Жұмысымыз бізге ұнайды, бірақ әдетте хоббидің де сізге ақша әкелгені де дұрыс сияқты. Осылай келіншегім екеуміз жақсы көретін ісімізбен айналыса жүріп, ақша табуды қолға алдық.
Жақында таныс серіктестерімізбен бірге zero-waste дүкенін аштық. Біз қауіпсіз тұрмыстық химиялық заттарды бөтелкеге құйып сатамыз, сонымен қатар шампунь, қатты және сұйық сабын да бар. Дүкенге канистрмен келетін тауарларды бөлек бөтелкеге құйып береміз, бұл өте ыңғайлы. Сондай-ақ кей тауарлар дорбаға салынып келеді, бұл сөмкелерді кейін де пайдалануға болады. Міне, осылайша бізден ешқандай қалдық қалмайды.
— Дүкенге тауарларды қайдан аласыздар? Қай мемлекеттен немесе қаладан алып келесіздер?
-Негізінен біз жергілікті өнім өндірушілермен жұмыс істегіміз келеді. Бұл біз үшін де, олар үшін де тиімді. Екіншіден, транспорттық қызметті қажет етпейді. Сондықтан отандық компанияларда бар тауарларды солардан аламыз. Қазіргі таңда бар тауарларды «Alatau Organic» секілді қазақстандық компаниядан алып жүрміз. Сондай-ақ жасыл қарақұмық Алтайдан, қыша да отандық компаниядан. Ал елімізде жоқ өнімдерді Ресейге, Германияға тапсырыс беріп алдыртамыз. Мәселен, қауіпсіз тұрмыстық химияны Германиядан. Жалпы отандық өнімдерді алуға тырысамыз, бірақ кейде бізге қажет тауарлар Қазақстанда өндірілмейді, сол себепті шетелге тапсырыс береміз. Мысалы, Sonett секілді неміс компнаиясымен жұмыс істейміз, оның тауарлары өте сапалы. Біз неліктен бұл компаниядан аламыз? Біріншіден олар электр энергиясының 50 пайызын Green energy компаниясынан алады. Сонымен қатар аталмыш компанияда мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыс істейтінін атап өткен жөн. Олар да экологиялық жобаларды жүзеге асыру үшін қаржы салады. Сол себепті де біз осындай компаниялармен жұмыс істегіміз келеді.
-Білуімше, дүкеннің өзі Алматыда орналасқан, ал басқа қалалардан сұраныс бар ма?
-Біз бизнесті алғаш бастаған кезде көп қаржымыз болған жоқ, азғантай қаражатпен жұмысты бастадық. Батсапқыда жобамыздың жұмысын әрі қарай дамыту үшін грантқа өтініш бердік, алайда бізге грант берілген жоқ. Біз ғимарат жалдауға тырыстық, сонымен бірге жұмысты жалғастыруға мүмкіндік беретін жеңілдіктерді қарастырдық. Бұған дейін әлеуметтік жобалар үшін грант алу мүмкіндігі жоғары болса, қазір жағдай өзгерген, тек коммерциялық жобалар ғана қабылданады. Сондықтан бізде екі жол тұрды, біріншісі – пандемия біткенін, жағдайдың дұрысталғанын күту болса, екіншісі – жұмысты онлайн жалғастыру. Кейін қолымызда бар қаражатқа тауар сатып алдық, қазір үйден жұмыс істеп жатырмыз. Ғимарат тапқасын, жалға алып, сонда көшіреміз деп жоспарлар отырмыз. Басқа қалалардан сұраныс бар, тапсырыс бергендерге өзіміз жібереміз. Егер өзіміздің контейнерлермен жіберетін болсақ, кейін олар бос қалған контейнерлерді кері қайтарады. Олар бізге қайтару арқылы қаржысын үнемдейді. Ал кейбіреулері бұған дейін пайдаланылған контейнерлерге құйып беруді сұрайды.
-Қоқысты сұрыптау және кәдеге жарату, қайта пайдаланылатын контейнерлермен өнімді сатып алу, экологиялық таза өнімді пайдалану — өте жақсы идея. Алайда өкінішке орай, адамдардың көпшілігі қоқысты қоқыс жәшігіне тастамайды. Сіздің ойыңызыша, жалпы мәселе неде?
-Бізде экологиялық мәдениет қалыптаспаған. Көп жағдайда адамдар өзіне жауапкершілік алғысы келмейді, олар үшін мемлекет жасап бергенді қалайды. Қазіргі таңда бұл мәселені азаматтарға айыппұл салып қана реттеуге болады. Өйткені азаматтар қаржысын жоғалтудан қорқады. Ал келешек ұрпақты тәрбиелеу қажет. Оларға сенің қазіргі істеген нәрселеріңнің болашақта өзіне кері әсер ететінін түсіндіру керек. Мәселен, қазір пластик, не батерейка секілді нәрселерді оңды-солды тастау арқылы өзіңді таза ауасыз, таза сусыз қалдыруың мүмкін болашақта. Сондықтан экологиялық білімді, мәдениетті қалыптастырып, дамытуымыз керек. Мәселен, біз үш жылдан бері қалдықтарды сұрыптаймыз. Біздің аулада арнайы сұрыпталған қалдықтарды салатын контейнерлер жоқтың қасы. Сол себепті біздің үйден екі шақырым жерде орналасқан контейнерлерге апарып саламыз. Алайда бұл біздің отбасы үшін мәселе емес. Өйткені біз мұның қоршаған ортамызды қорғауда, сақтауда маңызды екенін саналы түрде түсінеміз. Басты мәселе – қоқысты арнайы контейнерлерге немесе жерге тастауда емес. Басты проблема – біздің көп тұтынатынымызда. Мәселен, қазіргі таңда бір зат сатып алсаңыз, ол арнайы қорапқа салынғанын көресіз. Сонымен қатар пластикалық бөтелкелерді өндіру үшін қанша ресурс жұмсалғанын ойлап көріңіз. Бастысы біз қалдық шығармауымыз қажет. Мысалы, пластик бөтелкедегі суды пайдаланғаннан көрі, су құятын арнайы бөтелкені қолданған дұрыс. Бұдан бөлек коммуналды қызметтерді төлеу жүйесін өзгертсе деген ұсынысым бар. Мәселен, қалдықтарды іріктеп, арнайы контейнерлерге салу, немесе қалдық қалдырмаған азаматтарды коммуналдық төлемдерді төлеуден босату қажет. Ал басқаларына әдеттегідей төлемді қалдырса, азаматтар өздері үшін, яғни қаражатын үнемдеу үшін тырысатын еді.
-Сіз секілді экологиялық өмір салтын ұстанатын азаматтарға қандай кеңес бересіз? Мәселен, сіздің эко-өміріңізді жеңілдететін қандай да бір мобильді қосымша бар ма?
-Біріншіден, адамдар климаттың өзгеруі жөнінде, не себепті ауа-райы өзгеріске ұшырап жатқаны туралы білімін жетілдіруі тиіс. Қоршаған орта туралы ақпаратын кеңейту арқылы қаншалықты зиян келтірілгенін түсінеді. Мен жоғарыда атап өттім, қайталап айтам, біз көп тұтынамыз. «Экологиялық із» деген қарапайым тіркесті ұғынуымыз қажет. Содан соң ғана «экологиялық ізімізді» қалай азайтатынымызды ойланамыз. Қазіргі таңда көпшіліктің әлемде болып жатқан оқиғаларды түсіну үшін базалық білімі жоқ. Сондықтан биологиялық не қағаз пакеттің зияны аз деп соларды қолдануға тырысуда. Алайда бұл олай емес. Сондықтан барлық өнімнің дайындық процесінен хабардар болу үшін білімді жетілдіру керек.
Ал енді қандай дүниелер экологиялық тұрғыда таза болып саналады, осыған тоқталайық. Мәселен, мақтадан жасалған немесе полиэстер сөмкелерді пайдаланған дұрыс. Сол себепті тек әр адам өзін дамытып, жетілдіруі тиіс. Сонымен қатар әр азамат кішкенеден бастауы тиіс. Мәселен, өзімен бірге су құятын бөтелкесін бірге алып жүруден бастауға болады. Ал кейін қалдықтар қалдырмас үшін өзінің сөмкесін, өзінің контейнерлерін пайдалануға көшуі керек. Кейін үйде пайдаланатын тұрмыстық химиялық заттардың қаншалықты зиян екеніне көзі жеткен соң, зиянсыз баламасын іздестіріп, пайдаланып көруі қажет. Экология туралы жазатын блогерлерге жазылып, үнемі ақпараттан хабардар болып, күнделікті әдеттерді өзгертуге күш салу керек. Кейін жәймеңдеп өзіңнің айналаңды өзгерту қажет. Содан соң ғана пайдаланатын дүниелерді қайта қарап, қолдануға жарайтын болса, пайдаланып, жарамаса, қайта өңдеуге беріп, қалдықсыз қоғам қалыптастыруға үлесін қосуға атсалысуы тиіс. Сонымен қатар бір затты дүкеннен сатып алар кезде де ойлану қажет. Бір реттік нәрсе болса, мүмкін басқалардан жалға алуға бола ма, жоқ па деген нұсқаларды да қарастыру керек. Сонымен қоса өмір салтын өзгерткісі келетін азаматтар үшін өзім пайдаланатын «Ecocity» «Ecolabel Guide» секілді екі қосымшаны ұсынғым келеді.
-Stop Musor қосымшасы туралы естідіңіз бе? Мұндай әлеуметтік жобалардың азаматтар үшін маңыздылығын қалай бағалауға болады?
-«Stop Musor» секілді әлеуметтік жобалардың бары қуантады. Себебі бұл жоба шеңберінде түсіндіру жұмыстары, түрлі экологиялық акциялар мен іс-шаралар өткізіледі. Ел тұрғындарын жаппай ақапараттандыру мақсатында жобаның мобильді қосымшасы іске қосылды. Аталмыш жоба көшелерде шашылған қоқыстың қоршаған ортаға және адам денсаулығына теріс әсерінен халықтың хабардар болуына мүмкіндік береді. Менің білуімше, жоба елдің ірі мегаполистерінде пилоттық жобаларды іске асыруды қолға алды. Олар азаматтардың назарын тұрмыстық қалдықтар проблемасына аударып, нәтижесінде Нұр-сұлтан мен Алматыда қоқыс тастау деңгейін төмендетуді мақсат етіп отыр. Осы жыл аясында Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы «StopMusor» жобасын жүзеге асыруда елдің барлық эко-волонтерлерінің күш-жігерін біріктіруді жоспарлауда.
Сонымен қатар өткен айдың соңында Нұр-Сұлтан қаласында қазіргі заманғы қазақстандық суретші Сәуле Сүлейменова пайдаланылған полиэтилен пакеттерден жасалған арт-нысанның ұсынылғанын да айтып кеткен жөн. Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен қала тұрғындары мен қонақтарынан полиэтилен пакеттерін жинауды ұйымдастырған. Мұндай арт-нысан азаматтарды экологиялық мәселелер туралы ойлануға және пластиктен барынша бас тартуға шақырады. Сол себепті «Stop Musor» секілді жобаның атқарып отырған жұмысы ауқымды десек қателеспейміз.
Ал жалпы, әлеуметтік жобалар азаматтар не үшін қажет дегенге тоқталсақ, біріншіден, білімді жетілдіріп, адамдардың өз-өзін дамытуына көмектеседі. Өйткені әлеуметтік жобалар азаматтардың өздеріне өзгеруге және өзгертуге үлес қосуға мүмкіндік беретін инструменттерді береді. Сонымен қатар олар өздері үлгі болу арқылы бәрі әр адамның өз қолында екенін, бір нәрсе жасау арқылы қоғамды өзгретуге болатынын түсінуге ықпал етеді. Сондай-ақ әлеуметтік жобалар арқылы азаматтар біздің бүгініміз де, болашағымыз да өзіміздің қолымызда екенін түсінуге септігін тигізеді.
Деректер көзі: strategy2050.kz