На данной странице вы можете подать жалобу на экологическую проблему в вашей области/регионе или городе
Главная - Новости
ЖАНУАРЛАРДЫ ҚОРҒАУ БОЙЫНША ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУДЫ КҮШЕЙТУ КЕРЕК – АБАҚАНОВ
05.10.2020ЖАНУАРЛАРДЫ ҚОРҒАУ БОЙЫНША ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУДЫ КҮШЕЙТУ КЕРЕК – АБАҚАНОВ
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Экологиялық ұйым қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Елдос Абақанов жануарларға ізгілікпен қарауды заңнамалық реттеу мәселелері жөніндегі конференция барысында айтты.
4 қазан – жануарларды халықаралық қорғау күні. Қоғамда жануар қорғаушылар мен мемлекеттік органдар арасында көп сұрақ туындайды. Түсініспеушіліктер көп болады. Президент өз Жолдауында заң жобасы қажеттігі туралы айтты. Жоспар бойынша заң жобасы келесі жылдың маусым айында қабылдануы керек. Қазір барлық жұмыс жүргізіліп жатыр. Экология министрлігі заңды әзірледі. Алайда, заңның кейбір нормасына қатысты жануар қорғаушылар қарсылық танытып, келіспей отыр. Оның ішінде приюттер мәселесі бар, — деді Абақанов.
Оның айтуынша, Еуропа мен Ресей, Украинада заң талаптары бар.
Конвенциялар да бар. Біз де заң қабылдау кезінде шетелдік тәжірибені қолдануды қарастырып жатырмыз. Көбінесе жануарларды ұстау, ату мәселесін жергілікті атқарушы органдар атқарады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сәйкес, 800 млн-нан астам қаржы жануарларды ұстауға бөлінеді. Ал жануарды қорғаушылардың айтуынша, бөлінген қаражаттың 90 пайызы шығындарға, 10 пайызы ғана жануарларға кететінін айтады, — деді ол.
Абақанов айтқандай, әкімдіктің тапсыруымен жануарларды ататын компаниялардың да индикаторлары бар.
Жеке үйлердің итін атып тастаған жағдайлар да кездесті. Оны есепке алып, соңында мемлекеттен қаражат алып жатыр дегенді де алға тартқандар бар. Заң жобасы аясында барлық жануарды күту мен оларға ізгілікпен қараудың тетіктері қарастырылған. Қазақстанда жануарды ұстайды, атады. Шетелде оны қарайды, вакцинация жасайды. Иесін тауып беру мәселесі де ескеріледі. Жаңа заң барысында осы сынды бүкіл алгоритм ескеріледі. Одан бөлек, заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу кезінде әкімшілік және қылмыстық кодекске өзгеріс енгізу мәселесі тағы да қаралады, — деді Елдос Абақанов.
Экологиялық ұйым қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Елдос Абақанов айтып өткендей, приюттердің өзінде қоғамдық бақылауды күшейту керек.
Камера орнатылып, адамдардың кіруіне жағдай жасалып, ашықтық сақталуы керек. Бүгінде бізде ашықтық болмай отыр. Бюджет мәселесіне де өзгеріс енгізу керек, — деді ол.
Деректер көзі: baq.kz