На данной странице вы можете подать жалобу на экологическую проблему в вашей области/регионе или городе
Главная - Новости
ЖАНУАРЛАРҒА ҚОЛ ТИГІЗГЕНДЕРДІ ЖЕТІ ЖЫЛҒА БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРУ ҰСЫНЫЛДЫ
05.10.2020ЖАНУАРЛАРҒА ҚОЛ ТИГІЗГЕНДЕРДІ ЖЕТІ ЖЫЛҒА БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРУ ҰСЫНЫЛДЫ
Жануарларды қорғау туралы заң жобасы әзірленбек.
Дүние жүзінде 4 қазан жануарлар әлемін қорғау күні ретінде аталып өтеді. Осы игі шараның алдында экологиялық ұйымдар қауымдастығы мен жануарларды қорғаушылар қауымдастығы бірлесе отырып елімізде жануарларға адамгершілікпен қарауды заңнамалық тұрғыда реттеу мәселесін көтеріп, ауқымды конференция өткізді. Жиынға министрліктер мен әкімдік өкілдері, депутаттар, заңгерлер, қоғамдық ұйымдар жетекшілері, азаматтық белсенділер және журналистер қатысты.
Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының басқарма төрағасының орынбасары Елдос Абакановтың айтуынша, жаңа заң қабылданғаннан кейін, барлық мәселе шешілуі тиіс.
«Соңғы уақытта жануарларға зорлық-зомбылық көрсету жағдайларын әлеуметтік желілерде байқап жүрміз. Көшеде жүрген иттерді балалардың көзінше мылтықпен атуға қатысты шағым да түсті. Жаңа заң қабылданғаннан кейін бұл жүйе реттеледі. Президенттің жолдауындағы тапсырмаға сәйкес осы жұмыс жүзеге асырылып жатыр. Жануарларды қорғау жөнінде заң қабылдауға бұған дейін де талпыныстар жасалған еді, алайда олар кедергіге ұшырады. Негізгі кедергінің бірі – бұл салаға жауапты өкілетті органның болмауы еді. Көп жағдайда үйсіз жануарлар мәселесі тек жергілікті әкімдіктер деңгейінде ғана қарастырылатын. Қазір Экология министрлігі жануарларды қорғау туралы заңнамамен айналысып жатыр. Жаңа заң қабылданғаннан кейін, барлық проблеманың шешімі табылуға тиіс», – деп айтып өтті экологиялық ұйымдар қауымдастығының өкілі.
Конференция барысында спикерлер жануарларды қорғаудың әлемдік үлгілерімен таныстырды. Мысалы Швейцария, Германия, Үндістанда жануарларды аялау баршаға міндет екені конституцияда көрсетілген. Ал көптеген елде жан-жануарлар құқы заңмен, аймақтық және халықаралық нормалармен қорғалған. Сол себепті біздің елдегі жануарларды қорғаушылар мен экологиялық қауымдастықтың жануарларға адамгершілікпен қарау жөнінде заң қабылдау туралы бірлесе көтерген бастамасын депутаттар да қолдады. Елдос Абакановтің пікірінше, «контактілі» деп аталатын аңдарды қолмен ұстауға болатын зообақтарды жабу қажет.
«Осы саладағы қордаланған мәселелерді жүйеге келтіру керек. Мысалы цирктердің жұмысын реттеп, «контактілі» зообақтарды жабу қажет. Қазіргі әлемдік трендтерге көз жүгіртсек, цирктердің көбі жануарсыз көңіл көтеру орнына айналып келе жатыр. Біз де еліміз жануарларды қорғаудың Еуропалық тұжырымдамасына қол қойып, цирктердің жануарлардан бас тартуын қолдаймыз. Одан бөлек, әкімшілік жауапкершілікті күшейтуді ұсындық. Өйткені елдің әр аймағында жануарларды ату, стерилдеу мәселесі әр түрлі жүргізіледі. Мысалы елордада қолға түскен иттердің иесі табылғанша екі ай ұстайды, егер иесі келмесе жануарды атады», – деді ол.
Сондай-ақ, қоғам белсенділері делфинарийлерді де жабу керек екенін айтуда. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің өкілі Дәулет Досқұловтың мәліметінше, үй-күйсіз көшеде жүрген иттерді арнайы орындарда асырауға қала бюджеттен қаражат қарастырылмаған.
«Қала әкімдігі жанынан жануарларды қорғау кеңесі құрылып жатыр. Бұл кеңес мемлекеттік орган мен халықтың арасындағы жануарларды қорғауда дәнекерші болады деп ойлаймын. Қазір қаладағы жануарларды ұстайтын тәлімбақта 800-900 шамасында ит бар. Олар бас кезінде «Астана Ветсервис» мемлекеттік мекемесіне беріледі, одан кейін оларға еріктілер қарайды. Біз бұрын үйсіз иттерді бірден жоятынбыз, ал қазір 60 күн тәлімбақта ұстаймыз. Орташа алғанда жылына жүзшақты итті қала тұрғындары асырап алады. Иесі немесе асырап алушы табылмаса, жануарлар өлтіріледі. Ол иттерді асырауға қала бюджеттен қаражат қарастырылмаған. Қазіргі кезде «Астана Ветсервис» мекемесі иттерге қарайтын қызметкерлердің жалақысы мен иттердің азығына өз қаражатынан жылына 5-7 млн теңге ақша бөліп отыр. Бұл әрине аз. Қазіргі кезде Нұр-Сұлтан қаласында екі үлкен тәлімбақ бар. Қолданыстағы заңда жануарларды аулау туралы бап бар да, оларды асырау туралы бап жоқ. Қабылданатын жаңа заң жобасы аясында осы мәселе шешіледі деп үміттенемін», – деді Дәулет Досқұлов.
INUCOBO жануарларды қорғау қауымдастығының жетекшісі Лилия Сәрсенова жануарларға аяусыз қараған адамдарды жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру қажет екенін айтты.
«Бізде жануарларды ұстауға арналған тәлімбақтар жайлы және жануарларға адамгершілікпен қарау туралы заң жоқ. Сол себепті мемлекет тәлімбақтарды қаржыландыра да алмайды. Сондай-ақ, жаңа қабылданатын заңда жануарларға аяусыз қараған адамдарды әкімшілік жазаға тартумен қатар, ауыр іс жасап, жануарларды қорлағандардың үстінен қылмыстық іс қозғауды ұсынамыз. Көп елде осындай тәжірибе бар. Мен жануарларға жаны ашымайтындарды жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрар едім», – деп атап айтты қоғам белсендісі.
Деректер көзі: inbusiness.kz